Берлинде балалы болу бюрократиясы
31.07.2024 | 7 минутДисклеймер.
Мұнда жазылған ақпарат 2024 жылға және Берлинге өзекті. Алайда Германияның басқа жерлерінде жағдай ұқсас болу керек.
Балалы болсаңыз, бауы берік болсын! Енді алдыңызда тек баланы өсіріп бағу емес, Германияның бюрократиясымен шайқасу да күтіп тұр. Осы нұсқаулықты өзім 2024 жылы Берлин қаласында балалы болғандықтан және бюрократияның көкесін басымнан өткізгендіктен басқаларға да көмек болсын деген ниетпен жаздым. Ал кеттік!
Неміс туу туралы куәлігін алу
Балалы болатыңыз туралы білгенде, бірден құжаттарды алдын ала дайындап қойған жөн. Егер екі ата-ана үйленген және Қазақстан азаматтары болса, онда жаңа туған баланың туу туралы куәлігін алу үшін керек құжаттар тізімі мынау:
- Паспорт түпнұсқасы
- Германияда тұруға ықтиярхат(Aufenthaltstitel) түпнұсқасы
- Неке қию куәлік түпнұсқасы (апостильмен)
- Оның Германияда жасалған аудармасы (ISO-9 стандарты бойынша транслитерация жасалған)
- Екі ата-ананың туу туралы куәлік түпнұсқалары (апостильмен)
- Оның Германияда жасалған аудармасы (ISO-9 стандарты бойынша транслитерация жасалған)
Жоғарыдағы құжаттар тек ата-аналардыкы ғана емес, жаңа туылған баланың бауырларыныкі де керек. Оған қоса егер екі ата-ана ресми түрде үйленбеген болса, онда қосымша құжаттар сұрап қалу мүмкін. Оған қоса егер ата-ана үйленбеген болса, онда қосымша басқа құжаттар керек болады. Толығырақ ақпарат berlin.de сайтында.
Осы тізімдегі құжаттарды перзентханаға бірге алып кетуіңіз керек. Әр перзентханада кезекші Standesamt(АХАЖ/ЗАГС-тың немісше атауы) шенеунігі болады, содан керекті өтінішті алып толтырып қолыңыздағы бар құжатты тапсырасыз(түпнұсқаларды да алып қалу мүмкін, кейін қайтарады сізге). Өтініште туу туралы куәліктің халықаралық нұсқасын да сұрауға болады(алайда ол Қазақстанға жарамайды).
Жауапты Standesamt перзентхана орналасқан аймақтыныкі болады, сіз тіркелген аймақтың емес. Осыны есте сақтаған жөн.
Кейін туу туралы куәлік бір екі апта ішінде поштамен келу керек, иә да болмаса Termin-ге(кезек/запись/appointment) шақыру келеді, шақыруда қай уақытта және қосымша не керек екені жазылады. Тек бір ата-ана баруы жеткілікті. Егер балаңыздың әке есімі(отчество) бар болғаның қаласаңыз, онда туылған кездегі өтінішке жазу керек. Германияда әке есімі ресми түрде жазылмайтыны үшін, ол екінші есім сияқты жазылады, алайда Standesamt шенеунігінен жақша ішінде Vorname und Vatersname деп жазып қойсын деп сұрасаңыз, онда кейін әке атын Қазақстандық құжатқа өткізу оңай болады.
Туу туралы куәлік үлгісі

Осылайша бірнеше аптадан кейін қолыңызда туу туралы куәлік болу керек. Есіңізде болсын, сізге тек бір емес, бірнеше көшірме береді, кей көшірмелері Elterngeld, Kindergeld және Mutterschaftgeld үшін арналған, оларды сол жәрдемақыларға өтініш толтырып жатқанда қосып саласыз. Олар туралы толығырақ төменде жазылған.
Жаратылған ақша:
- Әр туу туралы куәлік үшін ~10-15 еуро
- Аударма әр бет үшін кем дегенде ~20 еуро
Баланы Қазақстан елшілігінде тіркеу
Бала Қазақстан азаматы болу, қазақша туу туралы куәлік және жәрдемақы алу үшін елшілікте тіркелу керек. Керек құжаттар тізімі елшілік сайтында бар.
Германиялық туу туралы куәлігін апостиль жасап, аудару керек. Апостильге Termin-ді мына жерден таба аласыз. Болмаса жұмыс күні азаңғы 8-ден бастап түске дейін тікелей Friedrichstraße 219, 10969 Berlin мекенжайына барып, сол жерде бірден немесе сәл күтіп апостильді ала аласыз. Апостилі бар туу туралы куәлігін қазақшаға/орысшаға аудару керек.
Бар құжаттарды қолған жинап терминсіз елшілікке барасыз, баланы апару қажеті жоқ, тек бір ата-ана жеткілікті. Мүмкіндік болса алдын ала консулдық алымды төлеп, түбіртекті бастырып өзіңізбен алыңыз. Елшілік сәрсенбі күндері жабық, басқа жұмыс күндері 9:30-дан бастап түске дейін істейді, сәл ертерек келсеңіз алғашқы болып кіріп кетуге болады.
Бірнеше күн ішінде елшіліктен қоңырау шалып, баланың Қазақстандық туу туралы куәлігін алып кетуге болады. Содан кейін каспи/еговқа кіріп Қазақстандық жәрдемақыға тапсырыс жасауға болады.
Жаратылған ақша:
- Консулдық алым 20 еуро
- Аударма әр бет үшін кем дегенде ~20 еуро
Балаға паспорт жасату
Екі ата анада тұрақты ықтиярхат болса(Niederlassungserlaubnis), онда балаңызда неміс азаматтығы болады. Бұл жағдайда неміс паспортын Bürgeramt-тан аласыз.
Егер де балаңыздың азаматтығын білмесеңіз, онда ол үшін Meldebescheinigung жасату керек. Қағаз түрі керек, онлайн нұсқасы тек өзіңіз атыңызға жасата аласыз. Termin-ді мында таба аласыз, не болмаса өз аймағыңыздың Bürgeramt-ына Meldebescheinigung сұрап email жазуға болады.
Meldebescheinigung үлгісі

Егер де азаматтығы қазақ десе, онда елшілік арқылы паспорт жасатуға болады. Толық ақпарат елшілік сайтында бар.
Мен Termin-сіз тек өз басым төмендегі құжаттармен барып тапсырдым:
- Өз атыңыздан толтырылған өтініш
- Туу туралы куәлік (түпнұсқа + 2 көшірме)
- 3,5×4,5 сантиметр 4 сурет (фон ақ және баланың басы суреттін кем дегенде 75% болу керек, үйден түсіріп басып шығаруға болады)
- Паспорт және ықтиярхат (өзіңіз және жұбайыңыздың, түпнұсқа + 2 көшірме)
- Неке қию куәілігі (түпнұсқа + 2 көшірме)
- Еңбек келісім-шарты (түпнұсқа + алғашқы және соңғы қол қойылған беттердің 1 көшірмесі)
- Жоғарыдағы еңбек келісім-шарттың қазақшаға аудармасы
- Meldebescheinigung (түпнұсқа + 1 көшірме)
- Meldebescheinigung (қазақша/орысша ресми аудармасы)
- Консулдық алым төленгені туралы түбіртек
Құжаттарды тексеріп қабылдағаннан кейін қолыңызға түбіртек беріледі.
Паспорт алуға арналған түбіртек үлгісі

Қызмет мерзімі 90 күн, паспортты 3 айға дейін күтіп қалуыңыз мүмкін. Паспорт дайын болғаның елшілік сайтында түбіртектегі нөмірімен тексеру керек. Егер нөміріңіз сайтта бар болса, туу туралы куәлік және түбіртекпен бірге елшілік ашық уақытта барып дайын паспортты алып кетесіз.
Жаратылған ақша:
- Meldebescheinigung 10 еуро
- Консулдық алым 75 еуро
- Аударма әр бет үшін кем дегенде ~20 еуро
Балаға ықтиярхат жасату
Паспорт алынғаннан кейін оған ықтиярхат керек(Aufenthaltstitel). Termin-ді мына жерден табасыз. Бұны алдын ала істеген жөн, себебі Termin тек екі айдан кейін бар болу мүмкін, не болмаса күніге тексеріп тұру керек, көбіне жұмыс күні таңғы 7-8 арасы сол күнге орындар пайда болып қалады.
Керек құжаттар тізімі:
- Бала паспорты
- Неміс туу туралы күәлігі
- Екі ата-ана паспорты
- Екі ата-ана Германияда тұруға ықтиярхат(Aufenthaltstitel)
- 3,5×4,5 сантиметр 1 сурет (фон ақ және бас кем дегенде 75% болу керек, үйден түсіріп басып шығаруға болады)
Екі ата-ана және бала болуы міндетті.
Жаратылған ақша: 50 еуро
Германиядағы жәрдемақылар
Германияда бала туылған кезде берілетін бірнеше жәрдемақы түрлері бар. Бірақ оларды алу үшін сол баяғы бюрократиямен шайқасу керек.
Туу туралы куәлік алған кезде, сізге қолыңызға қосымша жәрдемақыларға арналған көшірмелерін де береді. Соларды төмендегі жәрдемақыларға тапсырып жатқанда қолданасыз.
Mutterschaftgeld
Егер сіз(анасы) дәл декретке шығар алдында Германияда кем дегенде 3 ай жұмыс істеген болсаңыз, онда сіздің денсаулық сақтандыру компаниясы(TK, Barmer, AOK, т.б.) жәрдемақы береді. Толығырақ ақпаратты өз сақтандыру компаниясы сайтынан біле аласыз.
Kindergeld
Германияда ресми түрде тұратын әрбір балаға үкімет ай сайын 250 еуро жәрдемақы береді(2023 жылдан бастап). Бұған, балаңыздың туу туралы куәлігін алғаннан кейін поштамен Finanzamt-тан(салық комитеті) келетін Steuer-ID(салық идентификаторы) келеді, сол хатты жоғалтып алмаңыз. Басқа ақпаратты мына жерден біле аласыз.
Elterngeld
Ал бұл жәрдемақы болса, екі ата-анаға да беріледі. Анкетасын мына жерден онлайн толтырған жөн, себебі сұрайтын сұрақтары өте көп.
Пайдалы сілтемелер және ақпараттар
- Германиядағы қазақша-немісше ресми аудармашы PhD Dr. Гүлсім Масақова: +4917624292831.
- Берлиндегі елшілікпен байланыс парақшасы: https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-berlin/contacts?lang=kk
Сұрақ, ұсыныстарыңыз болса, немес қате тапсаңыз, менің телеграмыма хабарласыңыз не болмаса поштама жазыңыз. Рахмет!